
Ақмола облысы, Қосшы қаласында «Дара» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен, Қосшы қалалық «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлттық мұра» жобасы аясында жасөспірімдер арасында «Жас мерген» садақ ату жарысы өтті.
Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған бұл рухани-танымдық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас ұрпақтың бойына батылдық, дәлдік, төзімділік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды мақсат етті. Байырғы қазақ қоғамында ерекше орын алған садақ ату өнерін жаңғырту жасөспірімдердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Жарыстың салтанатты ашылуына ұйымдастырушылар, мәслихат депутаттары және Бизнес-академия «Дара» мектеп-лицейінің директоры А.Б. Бекбаева қатысып, ұлттық құндылықтардың маңызын атап өтті. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, жаттықтырушы Айым Сабырқызы жетекшілігімен өз шеберліктерін көрсетті.
Сайыс іріктеу, жартылай финал және финал кезеңдерінен тұрды. Үзіліс барысында ұлттық рухты көтеру мақсатында асық ойыны ұйымдастырылды. Финалда үздік мергендер анықталып, тарту етілді.